02.10.2017
17:08
169

ЕРМЕКБАЕВ ДІНИ ҚЫЗМЕТ САЛАСЫН РЕТТЕЙТІН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КЕҢЕС ҚҰРУДЫ ҰСЫНДЫ

Бүгін Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев жұмыс сапарымен Қырғызстанда болды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. 

Министр Бішкек қаласындағы «Ала-Арча» мемлекеттік резиденциясында өткен «Қазіргі заманауи зайырлы мемлекеттегі Ислам» тақырыбында ұйымдастырылған халықаралық конференциясына қатысты. 

Конференция жұмысы Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаевтың құттықтау сөзімен ашылды.

Конференция барысында Нұрлан Ермекбаев Алмазбек Атамбаевқа және осындай маңызды шараны ұйымдастырған Қырғыз Үкіметінің өкілдеріне алғыс білдірді. 

Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев өз сөзінде радикализм көріністеріне қарсы күрес бағытын көрсете отырып, деструктивті діни ағымдар идеяларының насихатталу мәселесін көтерді. 

«Кеңес үкіметі кезеңінің өзінде біздің халықтарымыздың арасында  адамдардың дінге деген көзқарасына қарамастан, бейбітшілік пен толеранттылыққа бағытталған діни дәстүрлер қалыптасқан болатын. Біз  діни мұраларымызды заман талаптарына сәйкес бейімдеп, сақтап қалу керекпіз. Тек зайырлы қоғам ғана көпконфессиялы ортада өзінің діни теңдігін қамтамасыз ете алады», - деп өз ойын ортаға салды Нұрлан Ермекбаев.

Министр халықаралық ынтымақтастықты тереңдету  және діни негізде экстремизмнің алдын алу саласында тәжірибе алмасу мен бірлескен шараларды қабылдау мақсатында діни қызмет саласын реттейтін Орталық Азия елдерінің ведомстволары арасында Халықаралық Консультативтік кеңес құру туралы ұсыныс білдірді.