09.10.2017
18:21
264

ЕРДОҒАН СИРИЯДА АСТАНА КЕЛІСІМІНІҢ ІСКЕ АСЫП ЖАТҚАНЫН АЙТТЫ

Бұл туралы Түркия басшысы Афьон қаласында Әділдік және даму басқарушы партиясының белсенділері алдында сөйлеген сөзінде мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі РИА Новости-ге сілтеме жасап.

Жақында Режеп Тайып Ердоған түрік әскері Идлибте оппозициялық Сирия азат армиясы (САА) бастаған операцияға қосылуға дайын екенін мәлімдеді.

«Түркия, Ресей және Иран Астанада жоспар әзірледі. Қабылданған шешімдерді біз қазір Идлибте іске асырып жатырмыз. Біз САА-мен бірге іштен, ал Ресей сырттан әрекет етуде. Бұл жұмыс біздің «Евфрат қалқаны» операциямызды жалғастырады», - деп мәлімдеді Ердоған.

Оның айтуынша, Түркия шекара бойында сириялық күрдтердің өзін-өзі қорғау күштеріне (YPG) бағынышты күрд кантондарынан «террористік дәліз» құруға жол бермейді. Анкара бұл күштердің Түркияда тыйым салынған Күрдістан жұмысшылар партиясымен байланысы бар деп санайды.

«YPG – Африннен Жерорта теңізіне дейін террористік дәліз құрғысы келетін террористер. Біз бұған жол бермейміз және дәлізді бұзуға мәжбүрміз. Біз бұл аумаққа көз салып отырған жоқпыз, бірақ шекарада қауіпсіздігімізді қорғайтын боламыз», - деді Ердоған.

Президент Сирия мен Түркия арасындағы шекара түрік елі үшін қауіп-қатер аймағы екенін атап өтті.

«Қазір бізге ол жақтан бірнеше снаряд түседі, егер біз бұған көз жұмсақ, ертең бомбалар ұшатын болады», - деді Ердоған.

Айта кетсек, Сирияда 2011 жылдың наурызынан бері қарулы қақтығыс жалғасып келеді. Астана мен Женевада Сирия дағдарысын реттеуге қатысты келіссөздер өтті. Астана қаңтардан бері Сирия дағдарысын реттеудің әскери аспектісі бойынша келіссөздер жүргізу үшін алаң ұсынуда. Бүгінде кездесудің алты раунды өтті: қаңтар, ақпан, наурыз, мамыр, шілде және қыркүйек айларында.

Келіссөз нәтижесінде Сирияда әскери іс-қимылды тоқтату режимін мониторингілеу бойынша бірлескен жедел топ құру туралы ереже қабылданып, кепіл елдер (Ресей, Түркия және Иран) арасында Сирияда деэскалация аймақтарын құру туралы меморандум бекітілді.

Меморандумның мақсаты – сол елдің аймақтық тұтастығы мен бірлігін сақтау, зорлық-зомбылықты тоқтату, сондай-ақ қақтығысты саяси реттеу.

Дереккөз: kazislam.kz