11.10.2017
19:03
548

БЕЙНЕУДЕ ЖАРЫЛҒЫШ ЗАТ ТУРАЛЫ ЖАЛҒАН ХАБАР БЕРГЕН БОЙЖЕТКЕН ҰСТАЛДЫ

Терроризм актісі туралы жалған хабар берген адамның жазасы ауыр, нақтылап айтсақ ҚР ҚК 273-бабы бойынша сот шешімімен кінәлі деп танылған адамға   алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Жалған хабар орға жығады. Өкінішке орай, "102" қызметіне қоңырау шалып, жалған хабар беріп, жауапсыздық пен құқықтық сауатсыздық салдарынан жас өмірін өксітіп, бас бостандығынан айырылып жатқан жастар  бар

Әдеттегідей жұмыс күні болатын, Бейнеу АІІБ-нің "102" кезекшілік қызметіне белгісіз бір азаматша қоңырау шалып, "Мені "С"деген азамат қорқытып, ақша талап етті, егер айтқанын тыңдамасам, ол бір ғимаратты жарамын деді" деп хабарлады. 

Бұл үрейлі ақпарат  бойынша барлық мүдделі құқық қорғау  саласының қызметкерлері дабыл қағып, жедел шараларды жүзеге асырып үлгерді. Бейнеу аудандық ішкі істер бөлімінің, Маңғыстау облыстық ІІД Экстремизмге қарсы күрес басқармасының және облыстық ұлттық қауіпсіздік комитетінің  қызметкерлерімен бірлескен жедел іздестіру шарасы бойынша  хабар беруші   "Л" аталатын азаматша  ұсталып, жалған ақпарат бергені анықталып,  тергеуге алынды. 

 Аталған азаматша өз кінәсін  толықтай мойындап, мұндай ауыр қылмысқа сөйлесіп жүрген жігітімен арадағы келіспеушілікке бола, одан өш алу мақсатында қастандық жасамақшы болып барғанын айтты. Оңбай қателескен  бойжеткенге қатысты ҚР ҚК 273-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып,  сотқа жолданды.

Айнахан Есет.