• Басқы бет
28.10.2015
00:41

ҚАЗАҚ САЛТЫНЫҢ ЕШБІРІ АЛЛАҒА СЕРІК ҚОСПАЙДЫ

         Ширк – Аллаға ортақ қосу. Ежелден қазақтың қолданысындағы «шірік» сөзі осыдан шыққан. Қазақ шірікті онсыз да жақсы білген, мәселен, «өй, шірік неме» дейді ғой. Христиандардың сыйынатын орнын шіркеу деуінің астарында да осы мағына жатыр, яғни «шірік екеу» дегеннен шыққан. 

        Міне, осының бәрін қамтып келгенде, қазақ салт-дәстүрінің ешбірінде Аллаға серік қоспаған: шілдехана, тұсаукесер, беташар, қандай салт болсын, бізде Ислам дінінен өрбіген. Ал нақты тұсаукесерге келсек, ол «ала жіпті аяққа байласа, бітті, бала жүріп кетеді» деген сөз емес. Оның жіппен байланысы шартты түрде ғана. Яғни қадірлі, аузы дуалы кісінің батасы алынбағандықтан құлап қалып жүр деген наным. Кез келген жаңа нәрсенің тұсауы кесіліп жатады. Мысалы, жаңа шыққан кітаптың тұсауы кесіледі. Жаңа ғимараттың ашылуында лента қиылып жатады. Ендеше, баланың да алғашқы қадамының тұсауын кессе, несі айып?! Бұл – жалпы, жаңа туған, жаңа ғана қадам басқан баласының жолы мен бағы ашылсын деп ата-ана, ел-жұртының бата беруі.
       Пайғамбарымыздың (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) «аяқтары-мызды тұрақты ет» деген, яғни берік қыл деген мағынада арнайы дұғасы да бар. Тұсаукесер содан шығады. Жалпы, адамның иманды болуы үшін аяқтың беріктігі үлкен рөл ойнайды. Тура мағынасында, айталық, адамның екі аяғы сау, мықты болмаса, жасаған қадамдары да нық болмайды ғой. Жүрген қадамы нық болмаса, өмірінде де ешбір береке болмайды, діттеген мақсатына жете алмайды. Арабшада қиям дейді, ол – намаз оқып тұрғанда аяқтан тік тұру. Мешітке, қажылыққа барса да, аяқпен жүріп баратыны анық қой адамның. Сондықтан аяқ – өмірдің тірегі. Қазақ сол үшін «баланың өмірдегі тірегі мықты болсын» деген ниетпен осы тұсаукесер салтын жасайды. Ал енді бүгін келіп, қай салт-дәстүрімізге болсын «ширк» деп шыға келгендер – өздері адасушылар, ең қорқыныштысы, олардың жалғыз өзі адасып қоймай, қалың бұқараны адастыруында.

Мұхитдин Исаұлы

http://mazhab.kz/