• Басқы бет
29.10.2015
14:48

МҰХИДДИН ИСАҰЛЫ:«РАДИКАЛДЫ АҒЫМДАР ҚАЗАҚҚА ҚАЗАҚТЫ ҚАРСЫ ҚОЮДА»

«Ат-тәкфір уаль хиджра» халықаралық ұйымы Қазақстанда экстремистік деп танылып, тыйым салынғалы бір жылдан асты. Радикалды топ жарты ғасыр бұрын Мысырда құрылған. Өздерінен басқа мұсылмандарды «кәпір», «күнәһарлар» және «адасқандар» санайтын олардың әрекет ету әдісіне келсек - астыртын уағызы арқылы шала сауаттылардың санасын улап, қатарына қосу. Сөйтіп, «жиһад» деп қолына қару беріп, «хижра» деп Сириядағы соғысқа шақырады. Қазақ жастары арасынан Сириядағы соғысқа кетіп, ИШИМ-нің қатарына қосылып жатқандар бар екені әсіресе соңғы уақыттары жиі айтылады. Мұндай құбылыстың белең алуы ненің белгісі және аталған ұйымның негізсіз сенімі мен өзіне тарту әдіс-тәсілі қандай? Оған қарсы тұрудың қандай жолдары бар? Осы секілді ислам атын жамылған өзге де радикалды топтарға  қатысты түйткілді мәселелер жөнінде Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, дінтанушы Мұхиддин Исаұлы ой бөліскен болатын.

«ЕЛ ІШІНДЕ ДАУ КӨБЕЙСЕ, СЫРТЫНДА ЖАУ КӨБЕЙМЕК»

- Мұхиддин Исаұлы, атышулы «тәкфір» жамағатының шығу тарихына тоқталып өтсеңіз? Басты ұстанымдары мен алға қойған мақсаты қандай?

- «Ат-тәкфір уаль хиджраның» шығу тарихы «сәляфизм» идеологиясымен астасып жатыр. Радикалды ағымдар жеке-дара шыға салған жоқ. Барлығы бір уақытта алпауыт күштер мен кей елдердің саяси ойындары арқылы тарих сахнасына келді. Алдымен, «сәляфизм», одан бөлініп «ихуандар» шықты. Ал, енді «тәкфіршілерге» келер болсақ,  бастауы бір болғанымен, мұның ұстанымы халық арасында «сәляфит» болып танылғандардан ауырлау. Олармен келісетін тұстары да көп, бірақ «сәляфи» идеологиясында «кәпір» деп айыптамас бұрын өздерінің кейбір шарттарын қояды. «Тәкфіршілердің» атауында айтып тұрғандай, сенімі өзінен болмағандардың барлығын мұсылман емес деп, «күпірлікке» шығару бар. Ең  басты ұстанымы осы - олардың нұсқауын орындап, саясатымен жүріп, сенімінде болмаса, онда ол адам - мұсылман емес деп есептелінеді. Мұсылман болмағаннан кейін, оларға қарсы «жиһад» жасауға болады деген пәтуа шығарған. Бірақ, бір қызығы – «тәкфіршілердің» жалпы тарих сахнасындағы кезін алып қарасақ, бұлар исламнан өзге дін өкілдерімен соғыспаған. Олар пайда бола бастаған кезден бері әлемде сантүрлі секталар шықты. Олармен ешуақытта айтыспайды, мүлдем ауыз ашпайды десе де болады. Сондағы айтысып-тартысатыны тек мұсылмандар. Біздің елді де алып қарайтын болсақ, солардың сойылын соғып жүргендердің басым көпшілігі - қазақтар. Солар қазақтан өзге ұлт өкілі немесе исламнан басқа дін өкілімен  айтысып жатқан жоқ. Неге «тәкфіршілер» «дәстүрлі исламдамын» деп жүргендерге тиісе береді? Бұған жауап жалғыз - бұл оларды айдап салып отырған алпауыт күштердің жоспары. Өйткені, ел ішіне іріткі салып, алдымен қазақты құртатын болса, қалған өзге ұлт өкілдерін  құрту олар үшін түк болмайды. Қазақта «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» деген. Кез-келген азамат радикалды ағымдарды Қазақстанға және қазаққа бағытталған жау деп санау керек. Қазаққа бағытталған деуімнің тағы бір себебі, бұлардың қазақтың болмысына қатысты салт-дәстүрді жоққа шығаруы тағы бір түйткілді мәселе болып отыр. Олар «дәстүр» және «дәстүрлі дін» ұғымдарын қабылдамайды, айтқан адамды жек көреді. «Тәкфіршілердің» ашық сахнадағы көрінісі ретінде ИШИМ-ді айтуға болады. Мешіттерді қиратып, мұсылмандарды жоюда. Бұдан аталған топтың мұсылмандыққа, тіпті жалпы дін өкіліне жатпайтындығы көрінді. Себебі, қайсы дінде болмасын «адам өлтір» демейді. Дінді ұққан адам ИШИМ-ді қолдан жасалған жалған ілімге құрылған ұйым деп таниды. 

- «Тәкфіршілер» намаз оқымағанның барлығын «кәпір» деп санайды дедіңіз. Ал, дәстүрлі ислам шариғатында намаз оқымаудың үкімі қандай? 

- Ханафи мәзхабында және қалған үш мәзхабта да кәлимасы бар адам, намаз оқымаса діннен  шығарылмайды. Өйткені, пайғамбарымыздан (с.а.у) жеткен хадис бар: «Иманы бар адам – ол мұсылман» деген. Бірақ, «тәкфіршілердің» түсінігінде бес уақыт намаз оқыса да, иман келтірген адам болса да, оның идеологиясын ұстанбаса, «кәпір» деп аталады. 

«ТӘКФІРШІЛЕРДІҢ» ТҮРІ ҒАНА ҚАЗАҚ»

- Сыртқы сипатқа қатысты қандай шарт қояды? Қара жамылып, балақ қысқарту міндет пе? 

 - Ия, тағы бір айырмашылығы осы. «Ханафи бағытындағы дәстүрлі дін» деп жатырмыз. Біздің сан ғасыр бойы ұстанған, ата-бабамыздан жалғанған үкімдеріміз бен дін мен дәстүрді бірге алып келе жатқанымыз бар. Ал, олардың ұғымында қазақтың дәстүрі - пайғамбарымыздың (с.а.у) кезіндегі Меккедегі мүшріктердің өмірі қандай, ата-бабаларымыздың да дінді ұстануы сол шамада болған. Сондықтан да, олар орамалдың өзін «хиджаб» деп алады. «Хиджаб» негізі арабтың сөзі. Құранда «хиджаб» деп емес, «хумму» деп аталады. Осы «хиджаб» сөзін олар идеологиясына негіз етіп алып отыр. Құранда арабқа тән киім мен қап-қара киіну парыз делінбеген. Егер «тәкфіршілерге» «хиджаб» деп емес, «ақ жаулық», «орамал», «кимешек» дейтін болсақ, олар бұл сөздерге «мүшріктердің» термині ретінде қарайды. Кимешек киіп, қазақы стильмен киінуді де «мүшріктік» сипатқа жатқызады. «Тәкфірші» болған адам - қазаққа түбегейлі жат адам деген сөз. Оның түрі ғана қазақ, ал ішкі дүниесі толығымен өзгертілген. 

- Ал, «жиһад» ұғымын қалай басты талап етіп түсіндіреді?

- Олар хадистерді бұрмалап түсіндіреді. Бухари мен Муслим Әбу-Заррдан мына хадисті риуаят еткен: пайғамбарымыз (с.а.у): «Маған жәбірейіл (ғ.с) келіп, «Сенің үмметіңнен кімде-кім Аллаға серік қоспастан өлетін болса, жәннатқа кіреді деп» сүйіншіледі деді» деген. Үлкен күнәлар иманды әлсіретеді, бірақ діннен шығарылмайды. «Тәкфіршілерде» үлкен күнә жасаған адам міндетті түрде діннен шығады деп есептелінеді. Ханафи мәзхабында намаз амалға жатса, «тәкфіршілерде» намаз иманның шартына жатады. Ең бастысы жоғарыда атап өткендей, солардан болу керек, олардың ұғымындағы шариғатты мойындау керек. «Тәкфіршілердің» идеологиясында «жиһад» ұғымы тек бір ғана мағына береді, ол – қару алып соғысу. Қатарына қосылғанға «жиһадтың парыздығын мойындауың керек» дейді. «Жиһадтың» парыздығын мойындаған соң оған амал ету керек деп үйретеді. Яғни, ылғи «жиһад үстінде» болып, олардан болмағандарға жылы қабақ танытпау керек. Біреуді өлтіру, жарылыс жасау сияқты әрекеттер жасамаса, онда ол адам амал жасап жүрмеген болып саналады. Яғни, «мен тәкфіршінің идеологиясын қабылдадым» деп қана отыру бекер. Содыр боп жүрсе ғана ол сол содырлардың қатарында қалады. Шынайы мұсылман мен тәкфіршінің арасындағы айырмашылық ислам мен өзге діндердің арасындағы айырмашалықтан да әрі.

«УШЫҚТЫРМАС ҮШІН АЛДЫН АЛУ ҚАЖЕТ»

 -Жоғарғы сынып оқушыларына арналған «Дінтану негіздері" оқулығы қайта басылып шықты, діни сауаттылық жайы да қоғамда жиі айтылып жүр. Жалпы, радикалды ағымдарға қарсы күресте нәтиже қандай? Осы тұста әлі не жетіспейді деп ойлайсыз?

- Өзге елдердің тәжірибелеріне сүйенер болсақ, мәселен Түркияны алайық. 60-70 жылдары ол елде де «тәкфіршілер» қылаң берді. Оны қалай тоқтатты? Ол кезде Түркияның діни басқармасы жақсы жұмыс жасады деп айтар едім. Екіншіден, мектепке дін пәндерін енгізді. Яғни, алдын алу жолдарын жасады. Вакцина егілгеннен кейін, «тәкфіршілдік» ауруымен ауыру қатты ушығып, мәселе боп  туындаған жоқ. Ал, қазіргі болып жатқан Түркиядағы саяси жағдайлар ол басқа бір екінші мәселе, өзге тақырып дер едім. Францияны алып қарайтын болсақ, ол жақтың мектептерінде христиан сабақтарын енгізген. Бірақ, елдің білім министрлігі мәселе туындаса, оған араласа алмайды, тікелей шіркеу қызметкерлері араласып, реттеп отырады, дәріс беретін адамдарды да солар белгілейді. Франция мемлекеті зайырлы мемлекет болса да, елдегі христиан дінін солай сақтап отыр. 

Ал, енді біздің елімізде неге осыны жүйелі түрде қолға алмасқа? Қайта-қайта айтып  жүріп, мектеп бағдарламасына «Дінтану негіздері» пәнін енгіздік. Алайда, пайдасы болып жатыр ма, жоқ па - оған назар салмадық. Аталған пәннен сабақ беруді тарихшыларға жүктедік. Химия сабағы мұғалімінің қолына доп беріп, дене шынықтыру пәнінің ұстазы қылғанмен бірдей болды. Оның үстіне оқулықта қазіргі таңда түсіндіруді аса қажет ететін  дәстүрлі ислам дініне қатысты мағлұмат өте аз. Сондықтан айтар едім, осы олқылықты түзеуден бастау қажет. Оқулықты дайындар алдында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен қатар, дін саласына қатысты ғалымдар, саяси ғылымның мамандары да қатыстырылуы керек. Бірге талқылап барып, бірауыздан мақұлданған соң ғана шығармаса, тек құр бос уақытты алу болып саналады. Бір нәрсені жасарда мақсат - тек әйтеуір жасап құтылу ғана емес, одан жақсы нәтиже шығаруға ұмтылу болу керек деп санаймын. 

-"Мектепке "Дінтану негіздерін" пән ретінде енгізсе, жастар «әсіредіншіл» болып, басқа пәндерге назар аударылмай қалуы мүмкін. Тіпті, дінге қатты еліктеушіліктен Ауғанстан мен Сирияның күйін кешіп кетуіміз ықтимал" деген пікірлер де айтылды...

- Жоқ, бұл үлкен жаңсақ ұғым. Ауғанстан өз ішінен емес, сыртқа күштердің ықпалы, екі алпауыт мемлекеттің жұлмалауына түскен соң ғана сондай дәрежеге жетті. Екіншіден, олар мұсылмандықты қатты білгеннен емес, керісінше болғандықтан сондай күйге түсті. Шариғатта бір-біріңмен соғыс демейді, бір-біріңнің қатеңді түзе дейді. Құран Кәрімнің ең алғашқы аяты «оқы» деп басталады. Аяттағы «оқы» деген әмір барлық ілім саласына қатысты айтылған. Сауатты болу – ислам талаптарының бірі. Құранда «оқы» дегенде тек дінді ғана емес, адамзат, яғни жаратылыс кітабын оқы, оған зер сал деген. Әрине, дау жоқ - олар Құранды жатқа біліп, жыл сайын қажылыққа барады. Бірақ, бәрінің бастауы ең алдымен шынайы сенімде болып отыр.

 Сосын, радикалды ағымдардың идеологиясы - баланы артық оқытпауға тырысады. Мысалы, Қазақстанда сот шешімімен тыйым салынған «Таблиғ-жамағат" та "баланы үш күндікке жібер, қырық күндікке жібер, бірақ тек оқытпа" дейді. "Тәкфірлершіде" де солай. 6-7 жасар қыздарына қара жамылдырып, мектепке жібермейді. Олардың ұғымында жаратылыс пәні - кәпірдің пәні болып есептелінеді. Сөйтіп, надандыққа итермелейді. Сондықтан, біздегі кей адамдардың дін десе қорқуы радикалды ағымдардың ылаңы салынған елдердегі  надандықты, аштықты, қолдан жасалынған соғысты көріп қорқуы дер едім. 

-Сұхбатыңызға рахмет!

Дереккөз: http://udr.mangystau.kz/